Мен ойлаймын, осы жазбаны ашып отырған әрбір адамның жүрек түбінде Жаратушыма лайықты құлшылық қылсам екен деген арман, ниет, тілек бар. Ал мұндай сезімдердің серігі қашанда күдік, үрей, қорқыныш қой... «Құлшылық дүние жинауға кедергі келтіреді...» Құдіретті Алланың алдындағы міндеттеріммен ең алғаш таныса бастағанда мені құлшылықтан тосқан бір себеп: «Бес уақыт намаз оқысам карьера жасай алмаймын, намаз мені қызметте өсуден тосады, орамал тақсам атақты болудан қаламын, садақа берсем қаражатым өзіме жетпей қалады» деген ойлар еді. Ересектер де алдымен жағдайымды жасап алуды өсиет ететін. Бұлай тұжырым жасауымның өз себебі де бар. Айналамдағы намазхандар, ислам дінін өте жақсы ұстанатындардың көпшілігі тым қарапайым, тұрмысы төмен адамдар еді. Тіпті, кедейліктің құрсауындағы мұсылман елдері туралы ақпараттар да жиі айтылмай ма? Олар бұл құбылысты үнемі «дүние – қолдың кірі, уақытша нәрсенің соңынан қумаймыз, бұл бар болғаны сынақ өмір ғой» деп түсіндіретін, жағдайды ақтап алатын. Мұндайда мырс ететін кездерім де болды, есімде жоқ, бәлкім өзгеге өсек те айтқан шығармын. Арада көп уақыт өтті, сынақтар орын алды, өмірлік көзқарастарыма түбегейлі өзгеріс әкелеген ісі де, сөзі де өнегелі адамдар кездесті, талай тағдырдың куәгері атандым. Сөйтсем, мына әлемде мұсылманнан асқан бай адам жоқ екен-ау... Адамды бай қылатын... Бәрі де – шайтанның салған уәсуасы, айласы екендігін кеш түсіндім. Адамды материалдық жағынан да, рухани тұрғыдан да бай қылатын ИСЛАМНАН артық нәрсе жоқ деп түйдім. Адам бұл дүниеде бай болуы, бірақ байлығының рахатын көрмеуі немесе рухани жұпыны болуы мүмкін. Бір данышпан былай деген екен: "Сараң адамға таңғаламын. Өзі қашқан кедейлікті тездетеді. Іздеген байлығы айналып өтеді. Дүниеде кедейдің өмірін сүріп, Ақыретте бай ретінде сотқа тартылады". Даналықтың нағыз бұлағы болған хадисте байлыққа анықтама да берілген: «Нағыз байлық – мал-дүниенің көптігі емес, нағыз байлық – жан-дүниенің байлығы». Байлық көп болғандығымен емес берекесімен бағалы. Бес күнге бір бөлке нанды жеткізіп, «Я, Раббым, мен баймын, мен бақыттымын, саған сансыз мақтау-мадақ болсын!» деп сәждеге бас қойған адамды көргенде менің одан жүз есе көп құлшылық жасау керек екендігімді түсіндім. Ақиқатты қабылдау оңай болған жоқ. Себебі, мен өзімді үлкен мансап иесі ретінде елестетінмін, ес білгелі ортамда әрдайым көшбасшы болатын менен ата-анам да үлкен үміт күтті. Парижге ұшуды, Тойота мінуді мен де армандадым. Бірақ, ризығымның дүние жаратылмастан 50 мың жыл бұрын жазылып қойғандығын және әл-Кәрим, әл-Ғани болған Алланың ғана байлықты беретіні жүрегіме жеткен күні «Әлемдегі ЕҢ БАЙ АДАМ» деген лауазымды иемдендім. Төс белгім жоқ, бірақ, шүкірлігім мен құлшылығым – соның дәлелі. Алла құлын бай болудан тыйса, осынша парызды жүктер ме еді? Жә, әңгіме материалдық байлық жайлы еді ғой. Алла мен Оның діні адамды бай болудан тыймайды. Исламдағы 5 парыздың қатарына кіретін зекет пен қажылықты тек қаражаты жеткілікті ғана адам өтей алады. Алла құлын бай болудан тыйса, осынша парызды жүктер ме еді? Тіпті, хадисте дүниеде екі адамды ғана қызғануға болатындығы айтылады: бірі – дүниесін Алла жолында жұмсаушы байға, екіншісі – Алла жолында білім үйрететін ілім иесі. Және ислам әр тиынды харам емес жолмен табуды үйретеді. Әрі Алла Тағала өзіне құлшылық еткені үшін бір тиынына екінші тиынды қосып беріп отырады. Мәселен, әрбір садақа оннан жеті жүз есеге дейін еселенеді, періштелер садақа қылған адам үшін дұға жасайды. Періштелердің дұғасына іліккен адамға қызықпасқа шарамыз жоқ. Құлшылыққа қанша уақыт кетеді? Құлшылық дүние жинаудан тосатындай көп іс емес. Құлшылықтың ұлығы болған бес уақыт намазға бар болғаны бір тәуліктің жарты сағаты кетеді емес пе? Біле білсеңіз, біздің ұйқымыз да, тамағымыз да, күлкіміз де құлшылыққа айнала шығады. Бар болғаны Алла разылығы үшін әрі Пайғамбар көрсеткен жолмен жасалса болғаны... Қалай бай болуға болады? Байлыққа жетудің кілті – құлшылық. Қалай дейсіз бе? Назар аударыңыз: «Мал-дүниеңізге береке бітсін десеңіз...» 1. Әуелі жаман болсын, жақсы болсын туған-туыспен қарым-қатынасты үзбеу керек. Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кім дүниесіне береке бітсін десе, туысқандарымен қарым-қатынасын сақтасын деген. 2. Ерте тұру керек. Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Я, Алла, менің үмметімнің таңғы уақытына берке бер!» деп дұға еткен. 3. Сауда жасайтын адам тарызыдан жемеуі, ал тауардың айыбы болса, соны айтып ескертуі – дүниесіне береке әкеледі. Себебі хадисте тауардың айыбын айту сауданың берекесі делінген. 4. Күнәдан алшақтау. Өйткені күнә адамды ризықтан мақрұм етіп, кедейлікке ұрындырады. Хадисте Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адам өзінің күнәсі арқылы ризық-несібеден айырылады деген болатын. 5. Садақа не зекет беру. Дүниеңіз арнайы зекеттің өлшеміне толған болса, зекетін беру және садақа жасау – мал-мүлікіңізге береке алып келеді. Хадисте күн сайын таңертең көктен екі періште түсіп, біріншісінің: «Я, Алла, садақа берушінің дүниесін көбейт, оған береке бер» деп, екіншісінің: «Я, Алла, сараңның малын опат қыл» деп айтатындығы келтірілген. 6. Ризық берушінің Алла екенін ұмытпау және әрдайым шүкір ете білу. «Ақиқатында, Раббым құлдарының арасынан қалағанының ризығын кеңітіп және қалағанының (ризығын) шектеп қояды. Сендер не жұмсасаңдар да Ол оның (жұмсағандарыңның) орнын қайта толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы». («Сәба» сүресі, 39-аят) Ислам тарихында бай болған адамдар өте көп. Тіпті, ең абзал буын өкілдері сахабалар арасында да дүниесіне береке біткен адамдар бар еді. Соның бірі – көзі тірісінде Жәннатпен сүйіншіленген сахаба Абдурахман ибн Ауф (оған Алла разы болсын). Бірде халықтың керек-жарағына қаражат керек болғанда Абдуррахман ибн Ауф (оған Алла разы болсын) үйіндегі ақшасын әкеліп: «Уа, Алла Елшісі, менде төрт мың бар, оның екі мыңын Жаратушы Иеме қарызға бердім, екі мыңын балаларыма қалдырдым» деді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла бергеніңе де береке берсін, бермегеніңе де береке берсін» деп дұға жасады. Осыдан кейін ол аз уақыттың ішінде ең бай мұсылмандардың қатарына енді. Байығаны соншалықты, жеті жүз түйені жүгімен қоса Алла жолында жұмсайтын дәрежеге жетті, керуендері ең сапалы тауарларды тасымалдап, үнемі табыспен оралатын. Мұншалықты берекеге таңғалған Абдуррахман: «Қандайда бір тасты көтерсем, астынан алтын мен күміс шығатын секілді еді» деп баяндайды. Алайда, мәртебелі сахабаны байлығы құлшылықтан тосқан емес, ол осы байлық үшін есепті ойлғанда көз жасын тыя алмай, құлшылығын арттыра беретін. Бір күні Мединеге 700 жүк артылған жануары бар керуен кірді. Күллі қалада ел көшкендей дауыстар естіледі. Аиша анамыз (оған Алла разы болсын) мұның мәнін сұрағанда: «Абдуррахман ибн Ауфтың керуені ғой» деген жауапты естиді. Сонда мұсылмандар анасы: «Мен Алла Елшісінен Абдуррахманның сыйы – оның Жәннатқа кіргені» дегенді естідім» деген екен. Бұл хабар Абдуррахман ибн Ауфқа жеткенде, дереу Аишаның алдына келіп, нақтылайды. Мұсылмандар анасы Алла Елшісінің: «Абдуррахман ибн Ауфтың Жәннатқа еңбектеп кіріп бара жатқанын» көрдім деп айтқанын жеткізеді. Сонда ол: «Егер шамам келсе түрегеп кірер едім. Алланың атымен ант етейін, мен мына керуенді толықтай Алла жолында жұмсаймын» деген екен. Ол осыдан кейін есепсіз садақаны әдеттегіден де көп жасайды. Ал Аиша анамыз оны еске алғанда: «Алла Тағала оны Сәлсәбилмен сусындандырсын» деп дұға жасайды екен. (Абд-әр-Рахман Рафат әл-Баша). Бұл бір ғана сахабаның мысалы, асылында, Пайғамбар да (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), Әбу Бәкір де, Омар да (оларға Алла разы болсын) ең бай адамдардың қатарында еді. Бірақ, олар қолындағы барын Алла жолында жұмсауға тырысатын. Неге? Мені осы сұрақ мазалайтын. Себебі, мұсылмандар байлықты қумай, керісінше, қашатын болып шықты. Себебі, әрбір тиын үшін есеп барын біледі және Жәннат тұрғындарының басым бөлігі кедейлер екеніне қанық болған. Себебі, мұсылман кебіннің қалтасы жоқ екендігін жүрегімен сезеді екен. Себебі, сынақ өмірде амалдың жақсысын жасап, Алласын разы етуге тырысады екен. «Ол өлім мен өмірді сендердің қайсыларың амал етуде жақсырақ екенін сынау үшін жаратқан» (Мүлк» сүресі, 2-аят). Себебі, жақсылық сыйын Раббысының еселеп қайтаратына иман келтіреді екен. Мұсылманда ұтылыс жоқ. Ол бай болса, дүниесін Алла жолында жұмсап сауапқа кенеледі, кедей болса, сабырлық танытып, тағы да сауапқа ие болады. Мен де мұны түсінген күні есеп шотымдағы барлық қаражатымды Алла жолында таратуға асықтым. Сол күннен бері ақшаны сақтамайтын болдым. Ең дұрыс, ең пайдалы, ең тиімді басқа бір жол таптым. Ол – Аллаға көркем қарыз беру. Алла адамдар секілді қарызыңды кешіктірмейді, шын мұқтаж сәтте артығымен қайтарады екен... Бұған менің талай көзім жетті... «Алла Тағалаға құлшылықты дүние мүлкімді көбейтсін деп жасама, Ол разы болсын деп жаса, сонда Алла сені Өзінің сый-сияпатымен таңғалдырады» деген ғұламалардың сөзін мақаланың тобықтай түйіні деп қабылдаңыз. Кәусар Абдулкарим

Теги других блогов: продвижение SEO Google